Адам ағзасының құрылысы әртүрлі болғаны сияқты, онда өтетін үдерістер, соның ішінде жүктілік белгілері де әр әйелде әртүрлі болады. Сәби сүюді армандап жүрген әйел бұл белгілерді біліп, оларды тезірек сезінгісі келеді. Өйткені жүктілік — өте керемет, ерекше әрі қайталанбас бір кезең ғой? Солай емес пе?
Жүктілік белгілері мен нышандарының қалай байқалуы әр әйелде шамалы немесе түбегейлі өзгеше болуы мүмкін. Кейбір әйелдерде жүктілікті көрсететін алғашқы белгілер байқалса, енді біреулері денсаулығында ешқандай өзгеріс сезбейді.
Төменде жүктіліктің алғашқы белгілері туралы мәлімет береміз. Егер бұл белгілерді өзіңізден байқасаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі емханада тексеруден өтіп, жүктілік расталса, жүктілік бойынша есепке тұрыңыз.
Сондай-ақ біздің «Lalu — Жүктілік мектебі» жобамызға қосылыңыз. Ол үшін Google Play қосымшалар дүкенінен мобильді қосымшамызды тегін жүктеп алыңыз. Сөйтіп, жүктіліктің бүкіл кезеңін ғажайып жүктілік күнтізбесі арқылы бақылап отырыңыз!
"Lalu — Жүктілік мектебі" мобильді қосымшасы арқылы жүктілік кезеңі бойы сіз бен ұрықтағы өзгерістерді бақылап отыру, ұрықтың дамуы бейнеленген суреттермен және өлшемдермен танысу, болашақ сәбиіңізге есім таңдау, басқа жүкті әйелдермен пікір және тәжірибе алмасу сияқты пайдалы мүмкіндіктерді қолдана аласыз.
Жүктіліктің алғашқы белгілері
Жұмыртқа жасушасы ұрықтанғаннан кейін әйел ағзасында бірқатар гормондық өзгерістер байқалады. Төменде ағзадағы гормондық өзгерістер аясында денеңізде орын алатын ерекшеліктер туралы әңгімелейміз. Әрине, жүктілікті растау үшін қандағы ХГЧ мөлшерін анықтау, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) сияқты тексерулерден өту қажет болады.
Етеккірдің келмеуі және аз мөлшердегі қанды бөлінділер
Әйелдің аналық жасушасы ұрықтанғаннан кейін жатырға орныға бастайды. Бұл процесс имплантация деп аталады. Дәл осы кезеңде (әдетте 1-2 күн) қынаптан аз мөлшерде қанды бөлінділер байқалуы мүмкін. Олар етеккір кезіндегі бөлінділерден түсі, ұзақтығы және мөлшері жағынан түбегейлі ерекшеленеді. Түсі ашықтау, ұзақтығы қысқарақ және мөлшері өте аз болады. Бұл кезде етеккір келмейді.
Алайда етеккірдің кешігуіне сенімді белгі ретінде қарамау керек, өйткені етеккірдің келмеуі көбінесе репродуктивті жүйе ауруларымен, стресспен және гормоналды патологиялық өзгерістермен байланысты болуы мүмкін.
Етеккірдің кешігуіне жүктіліктен басқа тағы қандай факторлар себеп болатыны туралы мына мақаладан біле аласыз: Етеккір кешігуінің себептері
Жүктілік белгілері: Сүт бездерінің ұлғаюы және ауырсынуы
Жүктілік басталғанда әйел ағзасында өте көп гормоналды өзгерістер орын алады. Ал сүт бездері гормоналды өзгерістерге аса сезімтал келеді. Жүктіліктің алғашқы күндерінде бездер ұлғайып, емшек ұштары ауыратын болады. Бірақ кеуденің үлкеюі жүктіліктен сақтайтын гормоналды дәрі-дәрмектерді қабылдау салдарынан да пайда болуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн.
Сондай-ақ жүкті әйелдің сүт бездерінде бүкіл жүктілік кезеңі бойы өзіне тән өзгерістер болады. Бұл өзгерістер жүктіліктің алғашқы белгілері ретінде біліне бастағаннан бастап, босанғанға дейін жаңа туған нәрестені толыққанды қорекпен қамтамасыз ету деңгейіне жеткенге дейін жалғасады.
Жүктілік кезіндегі сүт бездеріндегі өзгерістер туралы мына мақала арқылы толығырақ ақпарат ала аласыз: Жүктілік кезіндегі сүт безіндегі өзгерістер
Жүктілік белгілері: Шаршау және ұйқышылдық
Себепсіз шаршау, тез әлсіреу де жүктіліктің алғашқы белгілерінің бірі. Кейбіреулердің жылауық болып қалуы да жиі кездесетін жағдай. Бұл белгі көбінесе бірінші жүктілікте пайда болады.
Ағзадағы зат алмасу процестерінің күшеюі мен жеделдеуі шаршау сезіміне, ұйқышылдыққа және демалғысы келуге алып келеді. Бір қызығы, бірінші триместрдегі ұйқышылдық бірте-бірте, көбінесе екінші және үшінші триместрлерде ұйқысыздықпен алмасады.
Маңызды: Жүктілік кезіндегі спазм (сіңір тартылуы) жағдайлары
Жүрек айнуы
Жүрек айнуы немесе таңертеңгі токсикоздың пайда болуы көбінесе жүктіліктің 5-6 аптасынан басталады, ал кейбір әйелдерде бұл белгі ұрықтанудан кейін, яғни 2-3-аптада да байқалуы мүмкін. Жүрек айнуына асқазан-ішек жолы, жүрек-қан тамыр және орталық жүйке жүйесі аурулары да себеп болуы мүмкін екенін есте сақтаған жөн.
Жүктілік кезіндегі токсикоз туралы осы мақала арқылы көбірек ақпарат алуға болады: Жүктілік кезіндегі токсикоз және оны үй жағдайында жеңілдету жолдары
Зәр шығарудың жиілеуі
Жүктіліктің алғашқы белгісі ретінде әйелде әдеттегіден гөрі кіші дәретке жиі отыру қажеттілігінің туындағанын байқауға болады. Жүктілік кезінде ағзадағы қан мөлшері артады, бұл жүкті әйел бүйрегінің қосымша сұйықтықты өңдеуіне әкеледі. Ал бұл, өз кезегінде, зәр шығарудың жиілеуіне себеп болады.*
Зәр шығарудың жиілеуіне кейде басқа да мәселелер, атап айтқанда зәр шығару жолдарының инфекциясы, қант диабеті, несеп айдағыш дәрілерді қабылдау себеп болатынын да есте ұстаған жөн.
Жүктілік белгілері – екіншілік белгілер
- Жүктілік белгілері ретінде базальды температураның жоғарылауы;
- Прогестерон гормонының көптеп өндірілуі нәтижесінде дене қызуы 37 градусқа дейін көтерілуі мүмкін;
- Жамбас аймағында ауырлық сезіну – бұл аймақта қан айналымы артады, әйел қысым мен ауырлықты сезе бастайды.
- Ұйқысыздық – шаршау сезімі көбінесе жүйке қозғыштығына алып келуі нәтижесінде ұйқысыздық байқалуы мүмкін.
- Белде ауырсыну сезілуі – бел аймағында сыздаған ауырсыну сезілуі мүмкін. Бірақ бүйрек ауруларында да ауырсыну байқалуы мүмкін.
- Бас ауруы – гормоналды өзгерістер жүйке жүйесіне әсер етуі салдарынан бас ауруы байқалуы мүмкін.
- Бас айналуы. Бұл қан тамырларының кеңеюі, қан қысымының төмендеуі және қандағы қант мөлшерінің азаюымен байланысты болуы мүмкін. Егер есіңізден танып қалсаңыз, міндетті түрде дәрігерге айтыңыз. Егер естен тану немесе қатты бас айналу іштің ауыруымен немесе қынаптан қан кетумен қатар байқалса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз – бұл жатырдан тыс жүктіліктің белгісі болуы мүмкін.
- Тәбеттің ашылуы – зат алмасудың жеделдеуі аясында тәбет ашылады.
- Иіс сезу мен дәм сезудің күшеюі – егер бұрын әйел кейбір иістерге мән бермеген болса, жүктілік кезінде иістерге сезімталдығы артады.
- Қозғыштық және көңіл күйдің өзгеруі – көптеген әйелдер ашуланшақ және көңіл күйі жиі өзгеретін болып қалады.
- Дене салмағының өзгеруі – әйел ағзасы шарананы қоректік заттармен қамтамасыз етуі үшін дене салмағының артуы байқалады.
- Аяқ пен қолдың ісінуі – жүктілік кезінде ағза көбірек сұйықтық сақтап қалады, сондықтан, әсіресе соңғы айларда, аяқта, тобықта және саусақтарда біртіндеп пайда болатын жеңіл ісіну байқалуы мүмкін. Беттің, қолдың немесе аяқтың кенеттен ісінуі преэклампсияның белгісі болуы мүмкін – мұндай жағдайда дереу дәрігерге қаралыңыз.
- Беттегі әртүрлі бөртпелер – әйелдің бұрын терісінде ешқандай мәселе болмаған болса да, жүктілік кезінде бетке безеу (угри) шығады. Бұл гормоналды теңгерімсіздікпен түсіндіріледі.
- Іштің кебуі және/немесе іш қату – гормондардың ішекке әсер етуі нәтижесінде ішекте метеоризм байқалады.
- Кеуде тұсында веналық қан тамырлары өрнегінің айқындалуы – жүктілік басталғаннан кейін ағза сәбиді қоректендіруге де дайындала бастайды, веналық қан тамырлары өрнегі лактация процесі басталып жатқанынан дерек береді. Емшек үрпісінің түсі де қоюлана түседі.
- Бет терісі түсінің қызаруы – гормондардың капиллярларға әсері нәтижесінде қан тамырлары кеңейетін болады.
- Іштің ақ сызығындағы пигментацияның бұзылуы – жүкті әйелдерге тән симптом, кіндіктен қасаға симфизіне дейін "жолақ" пайда болады.
Егер сізде жүктіліктің алғашқы белгілері байқалып, бірақ жүктілік тесті теріс нәтиже көрсетіп тұрса, сіз сәл асыққан болуыңыз мүмкін. Бірнеше күннен кейін тестті қайта жасап көріңіз. Екі-үш аптадан кейін де тест теріс шықса, етеккірдің келмеу себебін дәрігерге барып анықтаған жөн.
Жүктілігіңіз расталса, жоғарыда айтқанымыздай
"Lalu" мобильді қосымшасын ұялы телефоныңызға орнатып алыңыз. Және дені сау сәбиді дүниеге әкелу сияқты жауапты міндетті жеңілірек атқарыңыз.
Мобильді қосымшаны осы сілтеме арқылы жүктеп алуға болады: https://bit.ly/lalu-app