Әрбір әйел асыға күтетін тамаша кезең – сөзсіз, жүктілік. Бұл кездегі жан дүниені, ішкі сезімдерді өмір бойы сирек жағдайда ғана сезіну мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл сәттерді ұмытылмастай әрі есте қаларлықтай етіп өткізу маңызды. Жүктілік кезеңі барысында осындай сезімдерді сезінуге сізге жүктілік күнтізбесі көмектеседі.
Жүктілік күнтізбесі (календары) сізге жүктіліктің бүкіл мерзімінде өз денеңізде болып жатқан таңғажайып өзгерістер туралы оқып, сезініп отыру мүмкіндігін береді.
Босану күні мен жүктілік мерзімін есептеу үшін босану күнінің калькуляторын пайдаланыңыз.
Төменде біз сізге жүктілік кезеңінде ағзаңызда, болашақ сәбиіңізде болатын негізгі өзгерістер туралы қысқаша мәлімет береміз.
Ал жүктілік кезіндегі барлық қажетті ақпаратты "Lalu — Жүктілік мектебі" мобильді қосымшасынан таба аласыз.
Қосымшаны жүктеп алу арқылы жүктілік кезіндегі ана мен балада болатын өзгерістерден бастап, дұрыс тамақтану, маңызды медициналық тексерулер, гинеколог кеңестері, жүктілікке арналған жаттығулар, болашақ сәбиге есім таңдау, жүктілік мерзімі және басқа да жүкті әйелдермен сөйлесу, баланың жынысын шамамен анықтау сияқты пайдалы мүмкіндіктерді тегін пайдалана аласыз.
Егер қосымша сізді қызықтырса, оны мына жерден жүктеп алуыңызға болады: https://bit.ly/lalu-ilovasi
Жүктілік күнтізбесі: бірінші триместр
1-апта
Ағзаңыз жүктілікке дайындалуда. Акушерлік мерзім бойынша есептегенде, жүктіліктің бірінші аптасы соңғы етеккір келген күннен басталады.
2-апта
Жүктіліктің 2-аптасында әйел ағзасында овуляция процесі жүріп, ағза ұрықтануға дайын болады, яғни аналық безден жұмыртқа жасушасы жетіліп шығады. Көбінесе әйелдер етеккір циклінің ортасында, яғни 14-күні жүкті болады.
Егер аналық бездерден екі жетілген жұмыртқа жасушасы бөлінсе және екеуі де ұрықтанса, дизиготалы егіз жүктілік орын алады.
Жүктілік күнтізбесі: 3-апта
Жүктілік тесті теріс нәтиже көрсетеді. Дегенмен, кейбір әйелдер өздерінде тез шаршау, жеңіл жүрек айну, сүт бездерінің сезімтал болып қалуы, қанды бөлінділердің пайда болуы, жиі зәр шығару сияқты жүктілік белгілерін сезуі мүмкін.
4-апта
Ұрықтың көлемі көкнәр дәніндей болады және ол қарқынды өседі. 10-аптаға дейін ұрықтың барлық маңызды мүшелері қалыптасады және кейбіреулері жұмыс істей бастайды. Осы кезең ішінде қарқынды өсіп келе жатқан эмбрион өте нәзік болады. Сыртқы жағымсыз әсерлер оның өліміне немесе туа біткен ауытқуларға себеп болады.
5-апта
Жүкті әйелдің жүйке жүйесі мен эндокриндік жүйесіндегі өзгерістер және хорионнан (ұрықтың бір қабаты) бөлінетін хориондық гонадотропин (ХГ) синтезінің салдарынан, көптеген әйелдерде алғашқы үш айлықта токсикоз жағдайы туындайды. Токсикоз белгілері – сілекейдің көп бөлінуі және құсу.
Жүктілік күнтізбесі: 6-апта
Ұрығыңыздың ұзындығы 0,51-0,64 см-ге жетеді. Оның бет-әлпеті біртіндеп қалыптаса бастайды. Екі нүкте пайда болып, кейін олардан көздер қалыптасады, ал тағы екі нүктеден мұрын тесіктері қалыптасады. Бұдан бөлек жақтар, ішкі құлақ, тіл мен дауыс байламдары, сондай-ақ мойын мен иек ажыратыла бастайды. 6 апталық эмбрионның басы үлкен, ал денесі "С" әрпін еске түсіреді.
7-апта
Жүктілік – бейімделуі қиын физиологиялық процесс. Сол себепті 7-апта болса да, әйелде көңіл-күйдің құбылмалылығы сақталады.
7-аптада кіші жамбас қуысына қанның келуі күшейеді, соның салдарынан зәрдің бөлінуі жиілейді, іште түйілулер пайда болады.
8-апта
Болашақ нәрестенің организмі қарқынды дамиды, ұрық үшін көп энергия мен құрылыс материалдары қажет болады. Сол себепті эмбрион жүрегі жиі соғады, минутына 150-170 рет жиырылады. Бас миында нейрондар тармақталып, жаңа байланыстар түзіледі.
Жүктілік күнтізбесі: 9-апта
Жүктілік күнтізбесінің 9-аптасына қарай әйел ағзасында май тіндері жинала бастайды – осылайша әйел ағзасы баланы емізуге дайындалады.
Көптеген әйелдерде релаксин гормонының әсерінен жамбас байламдары босаңсиды. Кейіннен бұл босану процесін жеңілдетеді. Сол себепті әйел жамбас аймағындағы ауырсынуды және жүрісіндегі өзгерістерді сезінуі мүмкін.
10-апта
Балаңыздың бойы 3-4 см-ден асады, ал дене салмағы 4 грамды құрайды. Алдағы апталарда шарана үш есе үлкейеді, бас миы да өсетіндіктен, оның маңдайы томпайып шығады. Жүктілік кезіндегі ең қажетті микроэлементтердің бірі – мырыш. Мырыш көптеген ферменттердің құрамына кіреді және олар ағзадағы биохимиялық үдерістерге белсенді қатысады. Мырыштың қатысуымен ақуыздың 300-ден астам түрі синтезделеді.
Жүктілік күнтізбесі: 11-апта
Жүкті әйелдің жалпы жағдайы жақсарады. Енді гормондық "дауыл" басылып, әйелді көп мазалай қоймайды. Бұған дейін мазалаған токсикоз белгілері енді жүкті әйелді мазаламайды.
Дегенмен, жүктілік барлық әйелде әртүрлі өтеді, кейбіреулерде 11-12 аптаға қарай барлық белгілердің көрінісі "шыңына жетуі" мүмкін.
12-апта
Жүктіліктің 12-аптасына қарай ұрықтың дамуындағы ең маңызды процестердің бірі – рефлекстер қалыптасады. Оның саусақтары мен алақаны бүгіліп-жазылады, бұлшықеттері жиырыла бастайды, ауыз бен көз айналасындағы бұлшықеттер де қимылдай бастайды, сору рефлексі пайда болады. Енді ұрық ана құрсағын қолмен сипағанды сезеді және оған жауап ретінде қозғалыстар жасайды. Алайда, ана мұндай қозғалыстарды әлі сезбейді.
Жүктілік күнтізбесі: 13-апта
Осы аптаға қарай УДЗ көмегімен болашақ нәрестеңіздің жынысын анықтауға болады. Дегенмен, толық сеніммен айту қиын. Баланың қимыл-қозғалысы жандана түседі: енді ол қол-аяғын еркін қозғалта алады, жұтынады, есінейді және ықылық атады.
Құттықтаймыз!
Сіз жүктіліктің ең нәзік кезеңін артта қалдырдыңыз. Енді жеңілдеп қалсаңыз да болады.
Егер жүктілік кезеңін одан да мазмұнды өткізгіңіз келсе, "Lalu – Жүктілік мектебі" мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз.
Жүктілік күнтізбесі: екінші триместр
14-апта
Ұрықтың ұзындығы 9 см-ді, ал дене салмағы 35-45 г-ды құрайды. Ұрықтың денесі басына қарағанда тезірек өседі, мойны анық көріне бастайды. Бала тыныс алу қимылдарын жасайды, осылайша тыныс алу бұлшықеттерінің дамуы жеделдейді.
15-апта
Жүкті әйелдің сыртқы келбеті әртүрлі болуы мүмкін. Бұл кезеңде әйелдің жатыры кіші жамбас қуысына сыймай қалады және іші айтарлықтай үлкейеді.
Гормоналды өзгерістердің әсерінен қан көлемі көбейеді және мұрынның шырышты қабығында жиналуы салдарынан мұрын бітеліп, қанауы мүмкін.
Жүктілік күнтізбесі: 16-апта
Балада ішкі құлақ қалыптасқан, есту сүйектері бар. Енді ол сізді ести алады және дауысыңызды есте сақтап қалады. Туғаннан кейін де сіздің дауысыңызды ажырата алады. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша, нәресте ана құрсағында болғанда естіген әуендерді есіне түсіре алады.
17-апта
Іштің үлкеюі салдарынан дененің тепе-теңдігі бұзылады, сол себепті әйелдің "аяқта тік тұруы қиындайды". 17-аптаға қарай кейбір әйелдер сәбиінің қимылын сезе бастайды; әдетте қимылдар 16–24-апталар аралығында, ал алғашқы жүктілікте көбінесе 20-аптадан кейін сезіледі.
Жүктіліктің екінші триместрінде көптеген әйелдер әдеттен тыс түстер көреді.
Жүктілік күнтізбесі: 18-апта
Болашақ балаңыздың сезім мүшелерінің қызметі арта түседі: есту, көру және дәм сезу. Бала ана ағзасындағы процестерді естиді, ал егер анасының жанында қатты дыбыс шықса, ол "шошып қалады."
19-апта
Бұл кезеңге қарай кейбір жүкті әйелдер жамбас, іш және қасаға аймағындағы өткір ауырсынуларға шағымданады. Әдетте, мұндай ауырсынулар кенет қимылдағанда пайда болады және бірнеше минуттан кейін басылып қалады. Бұл жағдайға дөңгелек байламның созылуы себеп ретінде көрсетіледі.
Жүктілік күнтізбесі: 20-апта
Ұрықтың ұзындығы 25,4 см, ал дене салмағы 300 г болады. Жүктіліктің 20-аптасына дейінгі кезеңде ұрықтың аяқтары бүгулі болатындықтан, оның бойын толық өлшеу мүмкін емес, сондықтан жамбасынан басына дейін шамамен өлшенеді. Ал 20-аптаға келгенде оның бойының ұзындығын өкшесінен бастап басына дейін өлшеуге болады.
21-апта
Белде және кіші жамбас аймағында тартылу сезімі пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай ауырсынусыз өтеді, 1 минутқа созылып, кейін басылады және әр 4-5 сағат сайын қайталанып тұруы мүмкін. Бұлар жалған толғақ болып саналады. Оның себебі толық зерттелмеген, бірақ мұндай толғақтар әдетте қауіпсіз болып саналады. Алайда 37-аптаға дейін толғақтар жүйелі түрде қайталана бастаса немесе ауырсынулы болса, әдеттегіден басқаша бел ауруы пайда болса, қынаптан сұйықтық немесе қан келсе, дереу дәрігерге қаралыңыз.
Жүктілік кезіндегі бел ауырсынуын жеңілдетуге қатысты кеңестерді мына мақаладан оқи аласыз: Жүктілік кезінде белдің ауыруы – себептері және оны басу жолдары
Жүктілік күнтізбесі: 22-апта
22-аптадан бастап нәрестенің жеке "күн тәртібі" болады, яғни ол белгілі бір уақытта ұйықтап (ұйқы кезеңдері әдетте 20–40 минутқа созылады және сирек жағдайда ғана 90 минуттан асады), белгілі бір уақытта ояу жүреді. Сіздің ішіңіз үлкейе түседі және гормондардың әсерінен сүт бездерінің көлемі де ұлғаяды.
23-апта
Баланың көп қимылдауына байланысты сізде кейде мазасыздық байқалуы мүмкін. Мұндай кезде көбірек серуендеңіз, балаңызбен сөйлесіңіз, оған назар аударыңыз. Егер балаңызға әлі есім таңдамаған болсаңыз, "Lalu — Жүктілік мектебі" мобильді қосымшасын пайдаланып, кішкентай сүйкімді бөбегіңізге есім таңдай аласыз.
24-апта
Жүктілік күнтізбесінің 24-аптасына қарай болашақ нәрестеңіздің көлемі домалақ қауын сияқты болады. Енді оның терісі мөлдір емес, өйткені пигменттер мен тері асты май қабаты қалыптасады. Ұсақ капиллярлардың көбеюіне байланысты терісінің түсі қызғылт тарта бастайды.
Жүктілік күнтізбесі: 25-апта
Жүктіліктің осы кезеңіне қарай әдетте жүкті әйелдер өздерінің аздап салмақ қосқанын сезінуі мүмкін. Егер сіз де салмақ қосқаныңызды байқасаңыз, бұған алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл кезеңде шарананың өсуі, қан мен сұйықтық көлемінің артуы, сондай-ақ емізуге арналған май қорының жиналуы есебінен салмақ қосылуы табиғи құбылыс. Алайда салмақ немесе ісіну кенеттен күрт артса, дәрігерге қаралыңыз. Жүктілік кезеңінде салмағыңызды өлшеп, мобильді қосымшамыздың "Салмақты бақылау" бөліміне тіркеп отыруды ұмытпаңыз.
26-апта
26-аптаға қарай жатыр түбі кіндіктен 6 см жоғары орналасады. Шарананың үлкеюіне байланысты ұйқы кезінде қолайсыздықтар пайда болады. Біріншіден, жатудың ыңғайсыздығынан сізді жүктілік кезінде қалай жату керек деген сұрақ мазалай бастаса, екіншіден, дүниеге келер сәби туралы тым көп ойлау себеп болады. Кейде бұл жағдай жүктілік кезіндегі ұйқысыздық деңгейіне дейін жетуі мүмкін. Сондықтан ұйқы гигиенасын қатаң сақтаңыз.
Мұндай жағдайларды жою және жеңілдету үшін жүктілерге арналған жастықшаларды пайдалануға болады.
Құттықтаймыз!
Сіз бен сәбиіңіз ұзақ жолды артқа тастап, екінші триместрден өтіп, жүктіліктің үшінші триместріне қадам басып келесіздер. Бұл жолды жеңіл әрі сәтті басып өтуіңізде "Lalu — Жүктілік мектебі" сізге серік бола алады.
Жүктілік күнтізбесі: үшінші триместр
27-апта
Бөпеңіздің бойы 36-37 см құрайды. Жатыр бала үшін енді тар бола бастайды, сондықтан оның қимыл-қозғалыстары анағұрлым күшейгендей болып көрінеді.
Оның бас миы күрделене түседі, рефлекстері де толық қалыптасады. Бала бармағын сорады, көздері жұмулы күйде ұйықтайды және оянады.
Жүктілік күнтізбесі: 28-апта
Сәби туралы көп ойлау және гормоналды өзгерістердің әсерінен ұйқының бұзылуы байқалады. Ұйықтауға жатқанда, ұйқыңыз келмей, қандай да бір іспен айналысқыңыз келіп тұрады.
29-апта
Нәрестенің денесі жаңа туған сәбилердікіндей қалыпқа келеді, оның басы да денесімен салыстырғанда онша үлкен болмайды. Шарана тері асты май қабатының ұлғаюы есебінен "семіреді." Бұл уақытқа қарай оның жеке иммундық жүйесі қалыптасады, бірақ антиденелерді ана ағзасынан қан арқылы алып тұрады.
Жүктілік күнтізбесі: 30-апта
Кейбір әйелдерде түшкіргенде, жөтелгенде, күлгенде зәрді ұстай алмау байқалады. Аяқтарда ісіну пайда болып тұрады. Мұндай белгілер көбінесе босанғаннан кейін жойылады; зәрді ұстай алмаған жағдайда жамбас түбі бұлшықеттеріне арналған жаттығулар көмектеседі. Егер бетте, қолда немесе аяқта кенеттен қатты ісіну пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз.
Ұйқыға байланысты ерекше жағдайлар байқалады: үшінші үш айлықта (триместрде) жүкті әйелдер ұйқысында жиі мазасызданады, әртүрлі түстер көреді. Бұған гормондардың әсері және туылатын сәби туралы көп ойлау себеп болады.
31-апта
Бұл уақытқа қарай ұрықтың дене салмағы бойының ұзындығына қарағанда көбірек артады. Оның дене ұзындығы 41 см, ал салмағы 1,5 кг-ды құрайды. 31-аптада кейбір нәрестелердің басында шаш өте көп болса, кейбіреулерінде шаш мүлдем болмауы мүмкін.
32-апта
Кішкентай бөбегіңіз дүниеге келуін "күтіп жатқан" уақытта – өмірі үшін маңызды қимыл-қозғалыстарды жасайды: сорады, жұтынады, тыныс алады, басын бұрады, қол-аяқтарын қозғалтады. Ол шаршаған кездерінде ұйықтайды, тіпті түс те көреді.
Жүктілік күнтізбесі: 33-апта
Жалған толғақтар бұрынғыдан да көбірек мазалайды. Осы жолмен ағза босану үдерісіне дайындала береді. Нағыз толғақ пен жалған толғақтың айырмашылығы — жалған толғақ қысқа уақыт ішінде басылып кетеді.
34-апта
Осы кезеңге таман сіз ішіңіздің аздап кішірейгенін байқауыңыз мүмкін. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, шарана сәл төмен түседі. Кейбір жағдайда бұл ертерек орын алса, кейде босануға бірнеше сағат қалғанда болады. Екіншісі – жатырдағы амниотикалық сұйықтық (қағанақ суы) мөлшерінің сәл азаюы: ол әдетте 32–34-апталарда ең көп болады, содан кейін табиғи түрде азая бастайды. Алайда ішіңіз айтарлықтай кішірейіп кеткендей көрінсе немесе қынаптан сұйықтық келсе, дереу дәрігерге қаралыңыз: бұл қағанақ суының аздығын, қағанақ қабының жыртылуын немесе шарананың өсуі баяулағанын білдіруі мүмкін. Сондай-ақ ағзаның қатты сусыздануына жол бермеңіз.
35-апта
Жүктілік күнтізбесінің 35-аптасына қарай сәбиіңіздің бойы 46 см-ге, ал дене салмағы 2,4 кг-ға жетеді. Оның дене салмағы тері астындағы май қабатының қалыңдауы есебінен артады. Бөбегіңіздің дамуы толық дерлік аяқталады.
Жүктілік күнтізбесі: 36-апта
Жүктіліктің 36-аптасында және одан кейінгі апталарда шарана сәл төмен түседі. Нәтижесінде қыжыл мен ентігу басылады, бірақ қуықтың қысылуы салдарынан кіші дәретке отыру жиілейді, жамбас аймағында жайсыздық сезіледі.
37-апта
Нәрестенің қимыл сипаты өзгереді (жатыр оған тар болғандықтан, тепкілеудің орнына көбіне аунау, керілу сезіледі), бірақ қимылдар саны азаймауы керек. Егер қимылдар азайса немесе әдеттегіден өзгерсе, күтпестен дереу перзентханаға жүгініңіз. Шарана туғаннан кейінгі өмір үшін маңызды барлық рефлекстерді орындай алады: тыныс алу және шығару, жұту, ему, көзді ашып-жұму. Ол үнемі осы сияқты қимылдарды қайталап отырады.
Мәлімет ретінде айта кетейік, жүктіліктің 37-аптасы басталғанға дейін болған босану мерзімінен бұрын босану болып есептеледі.
38-апта
Шаранаңызды енді нәресте деп атауға да болады. Оның барлық мүшелері толық дамыған. Ол өз бетінше өмір сүруге толық дайын. Шарана жамбас аймағына түсіп, кейбір жүйке тамырларын қысып қоюы мүмкін.
39-апта
Мерзімінде босану 37 және 42 апта аралығында орын алады. Алғаш рет ана атанғандар әдетте 41-аптада сәбиін дүниеге әкеледі. 39-аптада жалған толғақ мазалап тұрады. Егер шынайы толғақ байқалса, босану белгілері туралы жеткілікті ақпаратыңыз болса, сіз оны жалған толғақтан қиындықсыз ажырата аласыз: шынайы толғақ ауырсынумен қатар жүреді, белгілері күшейе түсетін әрі ұзаққа созылатын сипатта байқалады.
Жүктілік күнтізбесі: 40-апта
Босану процесін күтіп, сабыр сақтаңыз. Егер төмендегі белгілер пайда болса, дереу перзентханаға бару керек:
— Қағанақ суы кетсе. Қағанақ суын қынаптан келетін әдеттегі бөліністен немесе зәрден ажырату әрдайым оңай бола бермейді, көптеген әйелдер зәр шығып кетті деп ойлауы мүмкін – күмәнданған жағдайда да перзентханаға барыңыз.
— Нағыз толғақ басталса. Олар жалған толғақтардан өзгеше, ауырсынумен өтеді, ұзаққа созылатын сипатта болады және көбірек қолайсыздық тудырады.
41-апта
Шарананың ұзындығы 50-56 см, ал дене салмағы 3,2-4,1 кг-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер тұқым қуалаушылыққа және басқа да факторларға байланысты болады. Бұл көрсеткіштер орташа есеппен алынған. 41-аптаға қарай шарана ағзасында айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды. Барлық мүшелері жетілген, бала дүниеге келуге дайын.
Босану процесі акушер-гинекологтың көмегімен табиғи жолмен немесе кесарь тілігі әдісімен жүзеге асырылады.
Жүктілік күнтізбесі: 42-апта
Босану кез келген уақытта басталуы мүмкін және сіз жақын арада сәбиіңізді қолыңызға алып, оны емізіп, бесікке бөлеу сияқты жағымды істермен айналысасыз. 41 апта толғаннан кейін босану басталмаса, ана мен шарана үшін қауіп арта түседі. Сол себепті халықаралық ұсынымдарға сәйкес 41 апта толғанда дәрігер босануды жасанды жолмен қоздыруды ұсынады – бұл мерзімге жеткенде міндетті түрде дәрігеріңізге қаралыңыз.
Сәбиіңіз құтты болсын!
Сіз әрбір әйел асыға күткен бақытқа кенелдіңіз, құттықтаймыз! Осындай бақытты сәттеріңізде сізбен бірге болғанымызға қуаныштымыз!
Егер сізге "Lalu – Жүктілік мектебі" мобильді қосымшасы ұнаған болса, басқа жүкті құрбыларыңызды да осы мектебімізге шақырыңыз.
Сізге сәби күтімі мен тәрбиесінде сәттілік тілей отырып, осындай маңызды міндетке жүктілік кезіңіздегідей зор жауапкершілікпен қарауыңызды сұраймыз.
Сәбиіңізге күтім жасауда да "Lalu" қосымшамыздың сізге пайдасы тиеді деп ойлаймыз. Егер балаңыздың дұрыс өсіп-жетілуі мен күтімін сенімді мәліметтер негізінде жүргізгіңіз келсе, осы қосымшамызды пайдалануды жалғастырыңыз!