Жүктілік кезіндегі кеудедегі өзгерістер – жүктіліктің қалыпты бөлігі және бұл гормоналды өзгерістер нәтижесінде орын алады. Кеудедегі өзгерістер жүкті болғаннан кейін бір апта өткен соң, жүктіліктің алғашқы белгілері ретінде пайда болуы мүмкін және бұл нәресте туғанға дейін немесе одан кейін де жалғасуы мүмкін.
Бұл мақалада әр триместрде омырауда ең жиі кездесетін өзгерістерді талқылаймыз. Сондай-ақ жүктілік кезінде омырауда болатын кейбір қолайсыздықтарды жеңілдету жөніндегі ақпаратпен бөлісеміз.
Жүктіліктегі апталық өзгерістерді «Lalu» мобильді қосымшасы арқылы да бақылап, жүктіліктің келесі аптасында сізді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын алдын ала біліп отыра аласыз.
Мобильді қосымшаны жүктеп алыңыз: https://bit.ly/lalu-app
Бірінші триместрде омырауда болатын өзгерістер
Жүктіліктің 1-13-аптасы аралығында келесі белгілер болуы мүмкін:
Сезімталдық пен қолайсыздық
Омыраудың сезімталдығы көбінесе жүктіліктің алғашқы белгілерінің бірі болып табылады. Бұл өзгерістер қандағы гормондар деңгейінің жоғарылауы мен кеуде тіндеріндегі қан айналымының жақсаруы салдарынан пайда болады.
Жүктілік кезінде омыраудың ұлғаюы
Жүкті болған кезде, әсіресе алғашқы жүктілік кезінде омырау көлемінің бір немесе екі өлшемге артуы – қалыпты жағдай. Бұл жағдай жүктіліктің бастапқы кезеңінен басталып, бүкіл кезең бойы жалғасуы мүмкін. Омыраудың тез өсуі оның терісінің созылуына және қышуына әкеледі. Бала туғаннан кейін де омырау көлемі ұлғаюын жалғастыруы мүмкін.
Омыраудағы көк тамырлар
Әдетте жүктілік кезінде қан көлемі 50%-ға артады. Нәтижесінде көк тамырлар пайда болады, олар әсіресе омырау мен іш аймағында байқалады. Бұл тамырлар қан мен қоректік заттарды ағзада дамып келе жатқан ұрыққа жеткізу үшін қажет.
Екінші триместрде омырауда болатын өзгерістер
Жүктіліктің екінші триместрі 14-27-апталар аралығын қамтиды, бұл кезде омырауда мынадай өзгерістер болуы мүмкін:
Ареола түсінің қоюлануы
Ареолалар – емшек ұшының айналасындағы түсті шеңберлер. Екінші және үшінші триместрлерде ареолалардың көлемі үлкейіп, түсі қоюлана түседі. Ареоланың қоюлануы гормоналды өзгерістердің салдары болып табылады. Көбінесе ареола емізу аяқталған соң жүктілікке дейінгі қалпына қайта келеді, бірақ кейде ол бұрынғысынан бір-екі реңк қоюырақ болып қалуы мүмкін.
Ареола төмпешіктері
Жүктілік кезінде ареолада кішігірім төмпешіктер пайда болады. Олар Монтгомери бездері (төмпешіктері) деп аталады. Бұл бездер май бөліп шығару арқылы омырауды майлап, емізу процесін жеңілдетеді.
Емшек ұшынан сұйықтықтың бөлінуі
Кейбір жүкті әйелдерде екінші триместрде емшектен бөлінділер келуі байқалуы мүмкін. Басқаларында бұл жағдай үшінші триместрде немесе босанғаннан кейін болуы мүмкін. Бөлінді жүктіліктің кез келген кезеңінде пайда болуы мүмкін, бірақ ол омырау ынталандырылған кезде көбеюі мүмкін. Бұл қою, сары бөлінді — жаңа туған нәрестелерді емшек сүтімен емізудің алғашқы кезеңдерінде түзілетін, иммунитетті арттыратын сұйықтық.
Омыраудағы түйіндер
Омыраудағы түйіндер кейбір жүкті әйелдерде кездеседі. Әдетте бұл түйіндер алаңдауға себеп болмайды. Олар көбінесе сүт жолдарының бітелуінен пайда болған галактоцелелер немесе сүт безінің қатерсіз ісіктері, яғни фиброаденомалар болып келеді.
Әрине, мұндай өзгерістерді отбасылық дәрігермен талқылап, қажет болса, қосымша тексерулерден өту қажет.
Жүктілік кезіндегі омыраудағы өзгерістер: Үшінші триместр
Бұл 28–40 апта аралығына сәйкес келеді және омырауда мынадай өзгерістер орын алуы мүмкін:
Өзгерістердің жалғасуы
Бірінші және екінші триместрде басталған көптеген өзгерістер жүктіліктің соңғы айларында да жалғасады. Омырау көлемі одан әрі ұлғайып, ауырлай түсуі мүмкін, ареоланың түсі қоюлана беруі және «уыз сүті» тұрақты түрде бөлінуі мүмкін.
Терінің созылуы
Тіндердің тез өсуі терінің созылуына әкеледі. Бұл қызыл сызықтар мен созылу белгілерінің (созылу іздерінің) пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұл қызыл сызықтар әдетте жүктіліктің 6 немесе 7-айында пайда болады, бірақ олар бұдан бұрын немесе кейін де пайда болуы мүмкін.
Сүт түзілуі
Жаңа туған нәрестелерді емізу кезеңінде омырауда өзгерістер орын алады. Дегенмен, жүктілік кезінде омырауындағы өзгерістер айқын байқалмаған әйелдер кейіннен баланы емізу мәселесіне алаңдамаса да болады. Жүктілік кезінде омыраудан сұйықтық бөлінуі мен кеудедегі өзгерістер болашақта ананың сүт шығару немесе емізу қабілетін айқындамайды.
Босанғаннан кейін немесе кейде оған дейін де омыраудан аз мөлшерде уыз сүті бөлінеді. Бұл сұйықтық нәрестенің иммунитетін көтеруге көмектеседі. Жаңа туған нәрестелердің асқазаны өте кішкентай болғандықтан, олардың қоректік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін аз мөлшердегі уыздың өзі жеткілікті болып табылады.
Емізу қабілетіне алаңдайтын кез келген ана дәрігерден немесе лактация жөніндегі кеңесшіден көмек пен ақыл-кеңес алуы қажет.
Пайдалы мақала: Мастит ауруы
Жайсыздықты жеңілдету тәсілдері
Көптеген жүкті әйелдер жүктілік кезінде омыраудағы өзгерістерге тап болады. Алайда омыраудағы өзгерістерді немесе ондағы жайсыздықты жою жолдарын бәрі бірдей біле бермейді:
- Сүт ағуына қарсы омырау төсемдерін пайдалану – уыз сүтінің ағуы қолайсыздық тудырмауы үшін омырауға арналған төсемдерді қолданыңыз. Олар бір реттік немесе қайта қолданылатын түрде болады.
- Лосьондар мен майларды жағу – омырауға лосьон немесе май жағу терінің тартылуы мен қышуын жеңілдетеді. Кейбіреулер бұл құралдарды терінің созылу іздерін азайту үмітімен де қолданады.
- Бітеліп қалған сүт жолдарын емдеу – омыраудың ауыратын, бітелген тұстарына суық компресс (матаға оралған мұз) қою арқылы сүт жолдарының бітелуін жеңілдетуге болады.
- Омыраудағы түйіндердің қаншалықты қауіпсіз екенін анықтау үшін маманның тексеруінен өту қажет.
Дәрігерге қашан қаралу керек?
Жүктілік кезінде немесе одан кейін кеудедегі өзгерістерге алаңдайтын кез келген адам міндетті түрде дәрігермен кеңесуі керек. Егер сүт безінде түйін пайда болса немесе емшек ұшынан уызға ұқсамайтын әдеттен тыс бөлінділер бөлінсе, дәрігерге көріну қажет.
Бұл белгілер зиянсыз болуы мүмкін, бірақ дәрігермен кеңескеніңіз жөн.
Тиісті мақала: Жүктілік кезіндегі бөлінділер: қалыпты және патологиялық өзгерістер
Мақала Америка жүктілік қауымдастығы мен Healthline деректері негізінде Lalu командасы тарапынан өзбек тілінде дайындалды.