Жүктілік кезеңі әйелде жұмыртқа жасушасы жетіліп шығып, еркек ұрық жасушасымен ұрықтанғаннан кейін, оның жатырға сәтті орнығуымен (имплантациясымен) басталады.
Ол орташа есеппен 40 аптаға, яғни 280 күнге созылады. Бұл мерзім шартты түрде үш айлық үш кезеңге, яғни триместрлерге бөлінеді. Мерзімді апталар мен триместрлерге бөліп бақылау жүкті әйел үшін де қолайлы.
Жүктілік кезеңінде байқалатын өзгерістерді жүктілік күнтізбесінің көмегімен қадағалап отыру — ана үшін маңызды қадамдардың бірі. Күнтізбе болашақ анаға өз ағзасын және дамып келе жатқан сәбиін жақсырақ түсінуге өте пайдалы.
Жүктілік күнтізбесін бақылап отыру үшін біздің ұжым «Lalu — Жүктілік мектебі» мобильді қосымшасын әзірлеп шығарды. Бұл қосымша арқылы әйелдер өздеріндегі және іштегі нәрестесіндегі өзгерістерді оңай қадағалай алады.
Күнтізбемен сайтымыздағы «Жүктілік күнтізбесі» мақаласы арқылы қысқаша танысып шығуға, ал осы жауапты кезеңді пайдалы біліммен өткізгіңіз келсе, мобильді қосымшаны телефоныңызға орнатып алуға кеңес береміз.
Мобильді қосымшаны мына сілтеме арқылы жүктеп алуыңызға болады: https://bit.ly/lalu-ilovasi
Жүктілік кезеңінің белгілері
Әйел ағзасы келесі овуляция жетілгенге дейін жүктілікке дайындала бастайды және ұрықтану орын алып, жатырға имплантацияланғаннан кейін әйелде жүктіліктің ерте белгілері байқала бастайды. Бұл белгілердің пайда болуына ағзада болатын бірқатар гормоналды өзгерістер себеп болады.
Гормоналды өзгерістер аясында кезекті етеккірдің келмеуі, аз мөлшерде қанды бөліністер келуі, кеуденің үлкеюі мен ауырсынуы, ұйқышылдық, әлсіздік, жүрек айнуы сияқты алғашқы белгілерді сезінуіңіз мүмкін.
Бұдан бөлек, екіншілік белгілер де бар, оларды бастан өткеру жүктіліктің орын алғанын растайтын белгілер ретінде қарастырылады. Жүктіліктің біріншілік және екіншілік белгілері туралы мына мақала арқылы толық ақпарат ала аласыз: Жүктілік белгілері
Жүктілік мерзімін анықтау
Жүктілік мерзімін анықтау әйелдің соңғы етеккір күнінен бастап есептеледі. Осы күннен бастап орта есеппен 280 күнге созылады және босану басталады.
Мерзімді анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеуді де пайдалануға болады.
Жүктілік кезеңінің триместрлері
Жоғарыда атап өткеніміздей, жүктілік күнтізбесі шартты түрде үш айлық үш кезеңге (триместрге) бөлінеді. Бұл мерзімдер де өз кезегінде белгілі бір апталарды қамтиды. Яғни 1-аптадан 13-аптаға дейін I триместр, 14-аптадан 26-аптаға дейін II триместр, 27-аптадан 40-аптаға дейін III триместр болып саналады.
Бірінші триместрді жүкті әйел үшін құрсағындағы сәбимен үйлесу немесе өзара бейімделу кезеңі деп те атауға болады. Бұл кезең жүктіліктің ең нәзік кезеңі болып табылады және анадан өз денсаулығы мен ағзасындағы өзгерістерге жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Триместрдің соңына қарай ұрықтың ұзындығы 7-8 см-ді, ал дене салмағы 25 грамды құрайды.
Екінші триместрге қарай өзіңізді жеңіл сезініп, жағымды сезімдерді байқай бастауыңыз мүмкін. Бұл кезеңде токсикоз белгілері дерлік жойылады және басқа да мазасыздықтардың азайғаны байқалады. Кейде кейбір жүкті әйелдер жамбас, іш және қасаға аймағындағы өткір ауырсынуларға шағымданады. Ауырсыну қатты болса, 30–60 минут демалғаннан кейін де басылмаса немесе қан кетумен не толғаққа ұқсас жүйелі жиырылулармен қатар жүрсе, дереу дәрігерге қаралыңыз.
Үшінші триместрге ағзаның босануға дайындалу кезеңі деп қарауға болады. Сонымен қатар, болашақ сәбиіңіз өсіп-жетіле береді және мерзімнің соңына қарай босану белгілері сізге біліне бастайды.
Кішкентай сәбиіңіз дүниеге келуін "күтіп жатқан" кезде – өмірі үшін маңызды қимыл-әрекеттерді жасайды: сорады, жұтынады, тыныс алады, басын бұрады, аяқ-қолдарын қозғалтады.
Жүктілік кезіндегі әйел ағзасындағы өзгерістер
Жас ананың құрсағында жаңа өмір қалыптасып жатқанда, шарананың күн сайын өсіп, дами түсуімен қатар, болашақ ананың денесінде де көптеген өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, жүктіліктің мерзіміне байланысты ас қорыту жүйесінде (жүрек айну, құсу, іш қату және метеоризм), сезім мүшелерінде (көру, дәм және иіс сезудің өзгеруі), теріде (дақтар, жолақтар, бөртпелер), қан айналымы және тыныс алу жүйесінде түрлі өзгерістер орын алады.
Жүктілік мерзіміне тән өзгерістерді төмендегі кестеден біле аласыз.
Жүктілік кезіндегі қауіп-қатер факторлары
Әдетте жүктілік қалыпты өткенде күрделі мәселелер туындамайды. Дегенмен кейде қиындықтар кездесуі мүмкін, сондықтан әрбір әйел жүктілік кезіндегі қауіпті жағдайлар туралы біліп жүргені дұрыс.
Дәрігер жүкті әйелді бақылау барысында алаңдаушылық тудыратын жағдайларды анықтау және дер кезінде жою үшін қажетті талдаулар, тесттер мен тексерулерді үнемі жүргізіп отырады. Жүкті әйел де өз жағдайынан хабардар болып, қауіпті белгілерді дәрігерге уақытында айтып отырғаны артық болмайды.
Жүктілік кезінде түсік тастау (жүктіліктің алғашқы 20 аптасында түсік тастау ықтималдығы жоғары), жатырдан тыс жүктілік, ерте босану немесе мерзімінен бұрын босану (егер нәресте 37 аптаға дейін туса, ол мерзімінен бұрын туған болып есептеледі), преэклампсия, қағанақ суы мөлшерінің азаюы, гестациялық диабет, бала жолдасының төмен орналасуы сияқты факторлар жүкті әйел мен ұрықтың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Ұрыққа қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар туралы осы мақала арқылы толық мәлімет ала аласыз.
Пайдалы мақала: Жүктілік кезіндегі инфекциялар: ең қауіпті инфекциялар және олардан қорғану жолдары
Жүктілік кезіндегі тамақтану
Жүкті әйелде ешқандай мазасыздық сезілмей, шарана қалыпты дамып жатса, жүкті әйел күніне 4 мезгіл тамақтануы қажет. Бір күндік тамақтану рационындағы ақуыздың жартысын жануар текті ақуыз (ет, балық – 25%, сүт өнімдері – 20%, жұмыртқа – 5%) құрауы керек.
Өсімдік ақуызына деген қажеттілік бұршақ тұқымдастар (маш, ноқат, үрмебұршақ), күріш, қырыққабат, картоп арқылы өтеледі. Көмірсу көзі ретінде қанттан бөлек нан, жарма, жемістерді тұтынған жөн.
Жүктілік кезінде шикі немесе толық піспеген етті, бауыр мен бауыр паштетін тұтыну ұсынылмайды; сиыр және қой етін жақсылап пісіріп жеуге болады – бұл темірдің маңызды көзі. Жүкті әйел мен шаранаға зиянды өнімдер туралы толық ақпаратты мына мақаладан алыңыз: Жүктілік кезінде не істеуге болмайды?
Жүктіліктің аман-есен өтуі мен шарананың жақсы дамуы үшін негізгі шарттардың бірі – дұрыс тамақтану; тағам құнарлы, әралуан, ақуыздар мен дәрумендерге, соның ішінде фолий қышқылы мен С дәруменіне бай болуы керек. Мысалы, жүктілікке дейін күніне 400 мкг фолий қышқылын қабылдау туа біткен ақаулардың пайда болу қаупін азайтады.
Жүктілік кезінде қалай тамақтану керектігі туралы апталық ақпаратты алғыңыз келсе, «Lalu» мобильді қосымшасын жүктеп алыңыз.
Жүктілік және дене жаттығулары
Жүкті әйел жеңіл дене шынықтыру жаттығуларын жасап тұруы керек. Жүктілік мерзіміне қарай арнайы гимнастикалық жаттығулар кешені ұсынылады.
Аптасына 5-7 рет 30 минуттан дене жаттығуларымен айналысуға болады. Бастапқыда күніне 10 минуттан бастап, оны 30 минутқа дейін арттыру ұсынылады. Жүктілік кезеңінде үнемі жаттығу жасау шарананың дамуы мен босанудың жеңіл өтуінің маңызды факторы болып саналады.
Жүктілік кезіндегі жыныстық қатынас
Жүктілік кезінде қарсы көрсетілімдер мен шектеуші факторлар болмаса, жыныстық қатынаспен айналысу қауіпсіз. Бірақ әйелде түсік тастау немесе басқа да жағымсыз жағдайлардың туындау қаупі болса, әрине, жыныстық қатынастан тыйылған жөн.
Жыныстық қатынаста болу болашақ балаңызға зиян келтірмейді. Дегенмен сақтық шарасы ретінде жұптар өзара келісіп, қауіпсіз позаларды таңдаулары қажет.
Жүктілік кезінде жыныстық қатынасқа деген құштарлықтың өзгеруі әйел үшін қалыпты жағдай болып саналады. Бұл үшін уайымдаудың қажеті жоқ, бірақ бұл жайында серіктесіңізбен сөйлесіп алғанның еш зияны жоқ.
Кейбір ерлі-зайыптылар жүктілік кезінде жыныстық қатынастан ләззат алса, енді біреулері мұны қаламайтынын сезеді. Ең бастысы – өз сезімдеріңіз туралы бір-біріңізбен ашық сөйлесіп, өзара ымыраға келу.
Мына мақаланы да оқыңыз: Жүктілік кезінде жатыр тонусының жоғарылауы