Көптеген адамдарда пневмония жай ғана суық тиюден немесе тұмаудан басталып, содан кейін өкпеге өтеді. Жүктілік кезінде пневмония емделмесе, өмірге қауіп төндіруі мүмкін, сонымен қатар жүкті әйелдер үшін бұл аурумен күресу біршама қиынырақ болады.
Жүктілік кезіндегі пневмония белгілері
Жүктілік кезінде пневмония белгілерін біліп, оны емдеу үшін дереу дәрігерге жүгіну қажет.
Жалпы белгілері төмендегідей:
- Тамақтың, бастың және буындардың ауыруы сияқты суық тию мен тұмауға ұқсас белгілер;
- Тыныс алудың қиындауы немесе жиі тыныс алу;
- Қатты әлсіздік, шаршау;
- Қызудың көтерілуі немесе қалтырау;
- Кеуде тұсындағы ауырсыну;
- Қатты жөтел.
Пневмонияның ана мен балаға әсері
Пневмония — ауыр ауру, егер емделмесе, ана мен дүниеге келер сәби үшін қауіпті асқынулар тудыруы мүмкін.
Жүктілік кезіндегі пневмония ағзадағы оттегінің азаюына әкеп соғады, себебі бұл жағдайда өкпе денеге жеткілікті мөлшерде оттегі жеткізе алмайды. Нәтижесінде жатырға да оттегі аз барады.
Бұл ауру өкпеден дененің басқа бөліктеріне, мысалы, қан тамырларына да таралуы мүмкін.
Жүктілік кезіндегі пневмония келесідей салдарларға әкелуі мүмкін:
- Мезгілінен бұрын босану;
- Ұрық салмағының аз болуы.
Көптеген әйелдер қатты жөтел ұрыққа қауіп төндіреді деп алаңдайды. Бірақ нәресте амортизатор қызметін атқаратын қағанақ суымен (амниотикалық сұйықтықпен) қоршалған, ол ұрықты жөтелден, әртүрлі тербелістер мен шулардан, қысымнан және жеңіл соққылардан қорғайды.
Маңызды: Жүктілік кезінде зәр құрамында ақуыз болуы қауіпті ме?
Қауіп факторлары
Жүктілік әйелдің пневмонияға шалдығу қаупін арттырады, өйткені ағза жатырдағы баланың дамуы үшін көп энергия жұмсайды. Сонымен қатар, өсіп келе жатқан нәресте мен ұлғайып келе жатқан жатыр да әйелдің өкпе көлемін азайтады, бұл өкпе қызметіне қосымша жүктеме түсіреді.
Пневмония көбінесе өкпеге таралатын бактериялық инфекция нәтижесінде пайда болады. Пневмонияны жиі тудыратын бактерияларға мыналар жатады:
- Haemophilus influenzae
- Mycoplasma pneumoniae
- Streptococcus pneumoniae
Пневмонияға әкелетін вирустық инфекцияларға мыналар жатады:
- Тұмау вирусы
- Желшешек немесе белдемелі герпес (жұқпалы бөртпе)
- Респираторлық-синцитиалды вирус (РСВ) және коронавирус (COVID-19).
Төмендегі жағдайларда әйелдердің жүктілік кезінде пневмониямен ауыру қаупі жоғары:
- Темекі шексе;
- Анемия (қаназдық) болса;
- Астмасы болса;
- Созылмалы ауруға шалдыққан болса;
- Жас балалармен жұмыс істеуді талап ететін кәсіппен айналысса;
- Ауруханаларда немесе қарттар үйлерінде жұмыс істесе;
- Иммунитеті төмен болса.
Жүктілік кезіндегі пневмонияны емдеу
Жүктілік кезіндегі пневмонияны емдеу инфекцияның қоздырғышы вирус немесе бактерия екендігіне байланысты.
Жүктілік кезінде вирустық пневмонияны емдеудің көптеген әдістері қауіпсіз болып саналады және пневмония дер кезінде, бастапқы кезеңінде анықталса, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер арқылы оның бетін қайтаруға болады. Кейбір жағдайларда дәрігер қосымша оттегі терапиясын тағайындайды.
Ал бактериялық пневмония дәрігердің тағайындауы бойынша берілген антибиотиктермен емделеді.
Қызықты: Жүктілік кезінде іште болатын өзгерістер
Дәрігерге қашан жүгіну керек?
Жүкті әйелде пневмония белгілері пайда бола салысымен дәрігерге жүгіну қажет. Бұл ауру салдарынан туындауы мүмкін түрлі асқынулардың алдын алады.
Дәрігер сізден ауру белгілері туралы сұрап қана қоймай:
- Фонендоскоппен өкпені тексереді;
- Өкпені рентгенге түсіреді;
- Қақырықтан сынама алады.
Пневмонияның ауыр дәрежесі анықталса, ауруханаға жатып емделу ұсынылады. Егер жүкті әйелде келесі белгілер байқалса, ол дереу 103 немесе жергілікті жедел жәрдем нөміріне қоңырау шалуы керек:
- Кеуде ауыруы;
- Тыныс алудың қиындауы;
- Парацетамол ішкеннен кейін де түспейтін жоғары қызу (38 °C немесе одан жоғары) немесе тоқтаусыз құсу; сананың шатасуы немесе ұрық қимылының азаюы.