Тератоген — жүктілік кезінде ана арқылы баланың дамуын бұзатын кез келген фактор. Тератогендерге мысал ретінде улы химиялық заттарды, радиация сәулелерін, вирустарды, ішімдікті, темекі шегуді, кейбір зиянды дәрі-дәрмектерді және басқа да көптеген факторларды келтіруге болады.
Кейбір тератогендер басқаларына қарағанда күштірек әсер етеді. Тератогеннің қаншалықты зиянды екені бірнеше факторға байланысты, атап айтқанда:
- Түрі: кейбір тератогендердің, соның ішінде ішімдік пен темекі шегудің дамып келе жатқан ұрыққа басқа заттарға қарағанда зияны көбірек;
- Мөлшері: жүкті әйел тератогенді неғұрлым көп тұтынса немесе бұл зат анаға неғұрлым көп әсер етсе, ұрық үшін де соғұрлым зияны артады;
- Әсер ету ұзақтығы: жүктілік кезінде тератогенді заттар неғұрлым ұзақ уақыт пайдаланылса, оның балаға әсері де соғұрлым қауіпті болады;
- Әсер ету уақыты: тератогендердің жүктіліктің бірінші триместрінде, соның ішінде 8-аптаға дейін әсер ету қаупі жоғары болады;
- Генетика: кейде жүкті әйелдің немесе нәрестенің генетикасы ана мен баланы тератоген әсерінен қорғайды немесе оның әсерін азайтады.
Неліктен тератоген туралы білу маңызды?
Барлық ата-аналар тератогеннің не екенін және одан сақтанудың маңыздылығын білуі қажет, өйткені олар жүктілік кезінде ағзаға түскен сәттен бастап анаға да, балаға да зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, темекі шегу, ішімдік ішу немесе радиация сәулелері мен кейбір улы химиялық заттардың анаға әсер етуі іштегі нәресте үшін де қауіпті саналады және бұл кейіннен көптеген жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін.
Сонымен бірге, баладағы туа біткен ақаулардың 4-5%-ына тератогендер себеп болады. Мұндай ақауларға spina bifida, таңдай жырығы сияқты физикалық кемістіктерді, сондай-ақ микроцефалияны (ми мен бас сүйегінің дұрыс дамымауы), көру және есту қабілетіне байланысты мәселелерді мысал ретінде келтіруге болады. Тератогендер когнитивтік дамуға да кері әсер етуі мүмкін. Бұған қоса, ішімдік ішетін немесе жүктілік кезінде қалқанша безі ауруы емделмеген анадан туған нәрестелердің IQ деңгейі төменірек болатыны анықталған.
Жүктілік кезінде тератогендер қаупін азайтудың ең жақсы жолы – дәрігермен кеңеспей тұрып ешқандай дәрі-дәрмекті қабылдауды бастамау немесе тоқтатпау және төмендегі жағдайлардың алдын алу:
- Шектен тыс ыстық. Джакузи, бу бөлмелері немесе сауналарда ұзақ уақыт болмау;
- Табиғи дәрілік өсімдіктермен емделу. Жүктілік кезінде рецептісіз дәрі-дәрмектерді қабылдауды бастамас бұрын дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Табиғи дәрі ретінде пайдаланылатын өнімдер жүктілік кезінде толықтай қауіпсіз болмауы да мүмкін;
- Иондаушы сәулелер. Дәрігеріңіз жүктілік кезінде радиациялық сәуле арқылы тексеруден бұрын оның кері әсер ету қаупі аз екеніне толық көз жеткізуі керек. Рентген және КТ зерттеулерінің көпшілігінде ұрыққа түсетін сәуле мөлшері зиян келтіретін деңгейден әлдеқайда төмен болады, сондықтан дәрігер қажет деп тапқан тексеруден бас тартпаңыз;
- Токсоплазмоз. Токсоплазмоз — жақсы піспеген ет, жуылмаған жеміс-көкөніс, топырақ және мысық нәжісі арқылы жұғатын инфекция. Үйінде мысығы бар жүкті әйелдер мысықтың дәретхана науасына мүмкіндігінше жақындамауы қажет.
Тератоген түрлері
Төмендегі тератогендерден аулақ болу керек:
- Алкогольді ішімдіктер;
- Темекі шегу;
- Есірткі;
- Кейбір тыйым салынған дәрі-дәрмектер;
- Кейбір инфекциялар;
- Денсаулыққа зиянды кез келген заттар.
Дәрігермен кеңесу
Болашақ аналар жүктілік кезінде туа біткен ақауларға алып келуі мүмкін факторлар туралы дәрігерімен кеңесуі қажет. Дәрігерлер сізді қызықтырған кез келген сұрақтарыңызға жауап береді және жүктілік кезеңін қауіпсіз өткізуіңізге көмектеседі.