Кішкентай балаларда тұрақты құсудың көптеген ықтимал себептері бар. Нәрестенің құсуы негізінен келесі себептерге байланысты туындайды:
- Аппендицит: іштің ауыруы, жеңіл дене қызуы және тәбеттің жоғалуымен қатар, жүрек айнуы мен құсу — аппендициттің ең көп таралған белгілерінің бірі;
- Көлік ауруы (жол жүру кезінде жүрек айнуы): бұл ауру жас балаларда жиі кездеседі және кейде жүрек айну, құсу, суық тер басу, шаршау мен тәбеттің жоғалуымен қатар жүреді;
- Ми шайқалуы: ми шайқалуы — басқа соққы тию салдарынан болатын ауыр ми зақымдануы және ол құсуға себеп болуы мүмкін. Басқа соққы тигеннен кейін бала құсса, оны дереу дәрігерге көрсетіңіз;
- Тағамдық аллергия немесе тағамды көтере алмаушылық: жүрек айну, құсу және диарея — тағамдық аллергия мен оны көтере алмаушылықтың ықтимал белгілерінің бірі;
- Тамақтан улану: құсу — тамақтан уланудың кең таралған белгісі және ол әдетте диарея мен асқазанның ауыруымен бірге жүреді;
- Гастроэнтерит: бұл әдетте балаларда ротавирус салдарынан пайда болатын, құсуға (әдетте 1–2 күн) және диареяға (әдетте 5–7 күн) әкелетін асқазан «тұмауы» болып табылады.
Бұдан бөлек, гастроэзофагеалды рефлюкс ауруы (ГЭРА), әртүрлі инфекциялар, ішек қозғалысының бұзылуы, дәрі-дәрмектер, у, пилорикалық стеноз және күйзеліс сияқты факторлар да құсуға себеп болуы мүмкін.
Нәресте құсуының алдын алу
Балаңыздың күтпеген жерден құсуы сізді алаңдатуы – табиғи жағдай. Кішкентайыңыздың қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін алдымен сабыр сақтаңыз және мына кеңестерді орындаңыз:
Сәбидің шөлдемегеніне көз жеткізіңіз
Сусыздану – қабылданғаннан гөрі көбірек сұйықтық жоғалту, бұл ағзаның жұмыс істеуі үшін қажетті маңызды заттардың азаюына әкеледі.
Қатты құсу мен диарея кішкентай балалардағы сусызданудың негізгі себебі болып табылады. Сұйықтық ішу әдетте сусызданудың жеңіл түрін жою үшін жеткілікті болғанымен, ауыр жағдайларда медициналық емдеуді қажет етеді.
Сұйықтық ішкізіңіз
Регидратация — жоғалған сұйықтық пен электролиттерді қалпына келтіру. Ол үшін балаға ауыз арқылы регидратациялауға арналған ерітіндіні (ОРС, дәріханада сатылады) аз мөлшерде, бірақ жиі беріңіз: 2 жасқа дейінгі балаға әр 1–2 минут сайын бір шай қасықтан, ал үлкенірек балаға кеседен кішкене жұтыммен. Бала құсса, 10 минут күтіп, баяуырақ жалғастырыңыз. Қарапайым су электролиттерді қалпына келтірмейді. Емшектегі сәбиді емшек сүтімен немесе сүт қоспасымен аз-аздан, жиі тамақтандыруды жалғастырыңыз.
Симптомдарды жазып отырыңыз
Балаңызда құсу қалай және қашан болғанын жазып отыру қажет. Балаңыз құсқан сайын мыналарды жазып қойыңыз:
- Күні;
- Күн мезгілі (уақыты);
- Қанша уақытқа созылғаны;
- Құсық құрамында қатты заттардың кездесуі немесе тым сұйық болуы;
- Баланың соңғы кездері не жегені немесе ішкені;
- Қызу, іштің ауыруы немесе диарея сияқты басқа да белгілердің болуы.
Педиатрды шақырыңыз
Анық бір себепсіз жиі әрі түсініксіз құсу байқалған жағдайда, әрқашан дәрігерге жүгіну қажет. Қоңырау шалған кезде аурудың нақты белгілерін айтыңыз.
Аурудың себебі анықталмаған жағдайда, педиатр нақты диагноз қою үшін қан, зәр және нәжіс талдауын тапсыруды немесе рентгенге түсуді ұсынады.
Жедел медициналық көмекті қажет ететін белгілер
Кішкентай балаларда құсу әдетте қауіпті саналмаса да, медициналық көмекке жүгінуді қажет ететін жағдайлар бар:
- Қан аралас құсу;
- Зәрден қан келуі;
- Есінің шатасуы және енжарлық (летаргия);
- Бас пен мойынның ауыруы;
- Іштің қатты ауыруы;
- Зәр шығару кезіндегі ауырсыну;
- Жасыл немесе сарғыш-жасыл (өт аралас) құсу немесе фонтан сияқты атқылап шығатын қатты құсу;
- Жүректің жиі соғуы немесе жиі тыныс алу;
- Дене қызуымен қатар құсу;
- Әдеттегі тамақтану режиміне қайта оралғанда да құсу; сусыздану белгілері: жаялықтың әдеттегіден аз сулануы, жылағанда көз жасының аз болуы немесе мүлде болмауы, еңбектің немесе көздің ішке батуы, әдеттен тыс ұйқышылдық немесе қыңырлық.